Әнұран – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Гимн ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз болып саналады.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік гимні екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.
Республика мемлекеттік егемендігін иеленгеннен кейін, 1992 жылы Қазақстан гимнiнiң музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнiнiң музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы гимнiнiң музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, үздік мәтінге жарияланған байқауда авторлар ұжымы, белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.
Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдалды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік гимнiн бекітті.
Авторы слов: Жумекен Нажимеденов, Нурсултан Назарбаев
Автор музыки: Шамши Калдаяков
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!